Конференция

«Кемел келешек – табысты мамандық» атты өңірлік-танымдық конференциясы

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Жетісу облысы білім басқармасы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік орта білім беру бөлімімен бірлесе отырып 16-17 ақпан күндері өңірдегі орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарымен «Кемел келешек – табысты мамандық» танымдық конференциясын өткізді.

Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат түлектерге жоғарғы оқу орнына түсу жөнінде тиісті ақпарат ұсынып, білікті маман ретінде қалыптасуға ықпал ету. Жиынға облыстағы 16 кәсіптік-техникалық білім беру мекемесінен 300-ге жуық болашақ жас маман қатысты.

Конференция 3 бағыт бойынша өтті. Алдымен, сұхбат алаңында білімгерлерге Жетісу университеті жайлы таныстырылым және бейнематериал көрсетіліп, ақпараттық кітапшалар үлестірілді. Университет басшылығы еркін форматта жастармен тілдесіп, сұхбаттасты. Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Ғалия Қыдырбаева және жаратылыстану жоғары мектебінің деканы Ілияс Есенғабылов оқу процесіне байланысты туындаған сауалдарға жауап берді. Спикерлер алдағы оқу жылында жаңадан ашылатын білім беру бағдарламаларына тоқталып, мамандық таңдаудың маңызы жайында ақпарат берді.

Жиынның негізгі бөлігінде қатысушыларға арнайы экскурсия өткізілді. Меймандар университет мұражайы, кітапханасы, ғылыми зертханалары және бас оқу ғимаратымен танысты. Жетісу университетінің басымдығын іс жүзінде байқау мүмкіндігіне ие болды.

Конференцияның қорытынды бөлігінде қатысушылар коворкинг орталығында жас ғалымдармен ғылыми жобалар, IT саласының жаңалықтары туралы тілдесті. ІТ орталығының директоры Жалғас Ундрусұлы мен робототехника және мехатроника зертханасының меңгерушісі Анет Советұлы жас ғалымдардың өнертабыстарын көрсетіп, қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы пікір алмасты. Қатысушылар сұхбат кезінде өздерін толғандырған сауалдарды қойып жауап алды.

Кездесу жоғары білім жүйесіне қатысты ауқымды тақырыптарды қамтыды. Жастармен еркін және мазмұнды негіздегі дидарласу жаңа бастамаларға негіз беретіні сөзсіз.