Үздік оқытушы

Астанада жоғары оқу орындарының үздік оқытушыларын марапаттау рәсімі өтті. Байқауда еліміздегі 43 жоғары оқу орнының 150 үздік оқытушысы жеңімпаз атанды. Республикалық конкурстық комиссияның шешімімен сайыста бірнеше талаптар арқылы оқытушылардың білім және ғылым жолындағы еңбектері есепке алынды. Электронды оқу ресурстарын, оқу құралдары мен материалдарын әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық ғылыми журналдардағы мақалалар және т.б. көрсеткіштер бағаланды. Сондай-ақ, үміткердің оқыту сапасы, болашақ мамандарды даярлау қызметіндегі еңбектері қаралды. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2022» байқауына І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінен техникалық ғылымдар бойынша білім беру бағдарламаларының қауымдастырылған профессоры (доцент), физика-математика ғылымдарының кандидаты Рахымбеков Айтбай Жапарович  және қаржы және қызмет көрсету саласындағы білім беру бағдарламаларының қауымдастырылған профессоры (доцент), экономика ғылымдарының кандидаты Шомшекова Балхия «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2022» атағына ие болып, төс белгімен марапатталды. Марапаттарды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек табыстады.