Ашық есік күні

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде 27 қазан күні Жаратылыстану бағытын таңдаған Талдықорған қаласының жалпы білім беру ұйымдарының оқушылары үшін «Ашық есік күні» өткізілді. Жиын университеттің №2 оқу ғимаратында өтті. Шараға 120-ға жуық болашақ жас білімгер қатысты.

Ашық есік күнінде қатысушылар университет жүйесімен кеңінен танысып,оның ішінде жаратылыстану жоғары мектебінің жұмысын көріп, барлық білім беру бағдарламалары бойынша ақпараттар алды. Биологиялық мониторинг және Химия зертханалары, Физикалық география және геоақпараттандырудың арнайы кабинеті, Электр және магнетизм зертханасы, профессор Қанабек Таубекұлы Намазбаев атындағы физиканы оқыту әдістеме зертханасы, Молекулалық физика зертханасы, Робототехника және мехатроника, IT орталығы, бассейн, оқу залымен танысты.

Оқушылар кездесуде мамандық таңдау, оқуға түсу және Жетісу университетінде білім алудың басымдықтары бойынша бірқатар сұрақтар қойды. Сауалдарға белсенді білімгерлер мен Мансап және жұмысқа орналастыру орталығының қызметкерлері жауап берді. Шара барысында болашақ талапкерлерге оқу орны жайында ақпарат жинақталған кітапшалар берілді.