«WorldSkills Kazakhstan 2023»

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін, еліміздің талантты жастарының басын қосатын, дүбірлі додаға айналған «WorldSkills Kazakhstan 2023» республикалық кәсіби шеберлік байқауы аз ғана күндерден соң басталатын болады. Бұл чемпионатқа еліміздің барлық аймағынан 30 құзыреттілік бойынша 539 студент жастар қатысады деп күтілуде.
Аталған байқауда Жетісу өңірінің намысын қорғау үшін, аймақтық байқау барысында үздік деп танылған, Талдықорған политехникалық, Талдықорған сервис және технология, Талдықорған агро-техникалық, Талдықорған құрылыс-техникалық, Көксу ауылшаруашылық, Текелі кәсіптік, Талдықорған индустриялық және «Zhansugurov College» студенттері 25 құзыреттілік бойынша бақ сынайтын болады. Олардың ішінде «Прототиптеу», «Электроника», «Инженерлік графика CAD», «Web-технологиялар», «Ұялы қосымшаларды әзірлеу», «Ақпараттық және кабельдік жүйелер» сияқты, замануы және жоғары техникалық дайындық деңгейін қажет ететін құзыреттіліктер бойынша қатысушылар да бар.
Бүгінгі күні, қатысуға өтінімдер беру, сарапшыларды оқытуға арналған курстарды ұйымдастыру, бірыңғай үлгідегі киімдер тігу және т.б. ұйымдастырушылық жұмыстары аяқталып, Жетісу өңірінің делегациясы жолға аттанғалы отыр.
Құрметті чемпионатқа қатысушылар! Сендерді жұмыс алаңдарында кәсіби шеберліктеріңді көрсетіп, жеңіске деген табандылық танытып, жүлдемен оралады деп үміттенеміз.
Кұрметті сарапшылар! Сіздерге де үлкен үміт артамыз. Сіздер қатысушыларды шабыттандырып, чемпионат ережелерінің сақталуын қамтамасыз етеді деп сенеміз!
«WorldSkills Kazakhstan 2023» республикалық кәсіби шеберлік байқауында Жетісу облысының намысын қорғайтын жалынды жастарымызға сәттілік тілейміз! Жолдарыңыз болсын! Жетісу тек қана алға!