Қайырымдылық шарасы

Жетісу университетінде Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «Айналайын» орталығымен достықтың 9 жылдығына арналған дәстүрлі «Шын жүректен-9» атты ізгілік кеші өтті.

Шара наурыз айындағы қайырымдылық күніне тұспа-тұс келіп отыр. Оған Жетісу университетінің білімгерлері және айналайындық достарымыз қатысты. Жиын барысында Басқарма мүшесі-жастар саясаты жөніндегі проректор Б.А Сериев құттықтау лебізін білдіріп, бірқатар ұстаздарды марапаттады.

Сондай-ақ, балалардың қамқор әкесі, игі шараның ұйытқысы болған Парламент Сенатының депутаты А.Ғ Толамисов мерекелік бейне құттықтау жолдап, ыстық ықыласын жеткізді.

Жоғары мектеп білімгерлері туған күн иелеріне сыйлықтар табыстап, ізгі тілектерін айтты. Бүлдіршіндер үшін арнайы сыйлық бұрышы ұйымдастырылды. Оған Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі, Жаратылыстану жоғары мектебі, Техникалық ғылымдар жоғары мектебі мен құрылымдық бөлімдер өз тартуларын ұсынды.

Жылы жүздесу мерекелік концертке ұласты. Оған белгілі жұлдыздар Раша мен Ерасыл, танымал жайдарманшылар, айналайындық өнерпаздар мен біздің белсенділер қатысып, балаларға қайталанбас көңіл-күй сыйлады.