Дене шынықтыру және өнер факультетінің Шығармашылық білім беру кафедрасының оқытушы-дәріскері, педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Педагогикалық білім беру халықаралық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Суретшілер одағы мен ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі Мырзаханов Мадвакас Сексенбаевичтің 70 жас мерейтойына арналған салтанатты құттықтау кеші жоғары деңгейде өткізілді.
Мерекелік шара барысында әріптестері, шәкірттері мен қонақтар мерейтой иесіне жүрекжарды ізгі тілектерін арнап, оның ғылым мен білім саласындағы елеулі еңбегіне ерекше алғыс білдіріп, зор құрмет көрсетті. Кеш барысында айтылған жылы лебіздер мен тағылымды естеліктер Мадвакас Сексенбаевичтің тұлғалық болмысы мен кәсіби жетістіктерін айшықтай түсті.
Ғылым мен өнерді ұштастырған саналы ғұмыр иесіне мықты денсаулық, шығармашылық шабыт, толағай табыстар және алдағы уақытта да жаңа биіктерді бағындыруына тілектеспіз.

