14.05.2026 ж. Педагогика және психология факультетінде «Қазіргі көшбасшының психологиясы, басқару қабілеті және табысқа жету жолы» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өтті.
Семинардың мақсаты — қазіргі көшбасшы тұлғасының психологиялық ерекшеліктерін, басқару қабілетін, кәсіби өсу жолдарын және табысқа жетуге ықпал ететін жеке қасиеттерін талқылау, сондай-ақ қатысушылардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған ой-пікір алмасу алаңын қалыптастыру.
Семинар барысында қатысушылар көшбасшылықтың психологиялық аспектілері, мотивация, харизма, көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, маманнан менеджерге өсу ерекшеліктері, заманауи менеджердің басқару дағдылары, журналистің кәсіби табыс жолы және көшбасшының жеке психологиялық сипаттары туралы мазмұнды баяндамалар тыңдады.
Іс-шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтар да қатысып, өз кәсіби тәжірибелерімен және құнды пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бас маман-психологы, азаматтық қорғау подполковнигі Муратбековна Анель Бахтебековна, Ақсу ауданы, Тоқтаров атындағы орта мектептің директоры Ғазизова Марал Ыдырысқызы, сондай-ақ №11 орта мектептің физика пәні мұғалімі Жақсыбаев Қанат Абайбекұлы семинар тақырыбы аясында өз ойларын білдірді.
Баяндамашылар мен қонақтар көшбасшылықты тек басқару қызметі ретінде емес, жауапкершілік, сенімділік, тұлғалық даму, қарым-қатынас мәдениеті және өзгелерді шабыттандыру қабілеті ретінде қарастырды.
Семинар қатысушыларға көшбасшылық әлеуетін бағалауға, кәсіби дамуға жаңаша көзқараспен қарауға және заманауи көшбасшыға қажетті қасиеттер туралы ой түюге мүмкіндік берді.





