Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, спорт журналисті, жазушы, спорт шебері, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Несіп Жүнісбайұлы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне арнайы қонақ болып келді. Журналистика кафедрасының оқытушы-дәріскері Ришад Тұрғанбайдың ұйымдастырумен өткен кездесуде қаламгер болашақ журналистермен жүздесіп, өзінің өмір жолы, спорт саласындағы жетістіктері мен журналистикадағы мол тәжірибесі туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Әсіресе спорт журналистикасының қоғамдағы рөлі, ақпаратты шынайы әрі сауатты жеткізудің жауапкершілігі туралы нықтап айтып, аталған саланың үлкен ізденіс пен кәсіби шеберлікті талап ететінін орамды ойларымен дәлелдеп берді. Білімгерлерге журналистиканың қыр-сыры, спорттағы тәртіп пен табандылықтың маңызы жайында кеңінен тоқталып, отандық БАҚ-тың дамуына, ұлттық журналистиканың өркендеуіне ерінбей еңбек етуге шақырды. Сондай-ақ спортшы мен журналистің қоғамдағы рөлі туралы тағылымды пікір айтып, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді.

