Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың студенттермен кездесуі

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне арнайы келіп, студент жастармен алғаш рет кең форматтағы ашық кездесу өткізді.
Кездесу алдында өңір басшысы университеттің жас ғалымдары мен өнертапқыш студенттерінің ғылыми жобалар көрмесімен танысып, олардың зерттеу жұмыстары мен инновациялық бастамаларын жоғары бағалады.

Ашық диалог барысында облыс әкімі жастармен қоғам мәдениеті, білім мен руханият, азаматтық сана, құқықтық және ақпараттық мәдениет, парасат пен жауапкершілік тақырыптарында мазмұнды әңгіме өрбітті.

Өңір басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» халықаралық симпозиумында көтерген ойларына тоқталып, жастардың тарихи санасын қалыптастыруда төл тарихты білу ерекше мәнге ие екенін айтты.

Сондай-ақ Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатындағы ізгі қоғам тұжырымдамасын, Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімі мен білімнің құндылығы туралы ойларын кеңінен талқылады. Әңгіме барысында «Адал адам» қағидатының мәніне ерекше тоқталып, қоғамның дамуы әр азаматтың ішкі мәдениеті мен адалдық құндылықтарынан басталатынын жеткізді.

Облыс әкімі «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызын да ерекше атап өтті. Бұл ұстаным тек құқық қорғау саласының емес, әрбір азаматтың өмірлік ұстанымы мен қоғамдық жауапкершілігінің негізі болуы қажет екенін айтты.

Цифрландыру мен жасанды интеллект тақырыбына да ерекше назар аударды. Жастар болашақта технологияны меңгерумен қатар сыни ойлай алатын, жаңа ортаға бейімделетін әрі ұлттық құндылықтарды сақтай білетін тұлға болуы керек деген ойын айтты.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қ.Тоқаевтың ұсынысымен 2026 жылды «Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы» деп жариялағанын атап өтіп, осы бағытта өңірде жүзеге асырылатын бастамаларға тоқталды.

Кездесу соңында студенттер адами құндылықтар, мемлекеттік қызмет, әлеуметтік қолдау және өңірдің даму бағытына қатысты өз сауалдарын қойып, облыс әкімінен ашық әрі жан-жақты жауап алды.

#SDG #ЦУР #ТДМ