Жетісу университетінің жас ғалымы Coursera халықаралық платформасына курс әзірледі

Жетісу университетінің жас ғалымы, философия докторы (PhD) Райгүл Желдибаева АҚШ-тың әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – University of Illinois Urbana-Champaign университетінің профессорларымен бірлесіп Coursera халықаралық білім беру платформасына арналған «Introduction to AI-Supported Language Education» онлайн курсын әзірледі.

Курс авторларының қатарында Zhetysu University аффилиациясының көрсетілуі – университеттің халықаралық ғылыми байланыстарының нығайып, әлемдік білім беру кеңістігіндегі беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Үш модульден тұратын курс жасанды интеллектті тілдік білім беру үдерісінде тиімді қолданудың ғылыми-әдістемелік негіздерін қамтиды. Райгүл Желдибаева курстың үшінші модулін әзірлеп, онда жасанды интеллектті тіл үйретуде пайдаланудың теориялық негіздері мен тәжірибелік кейстерін ұсынды.

Бұл жетістік «500 ғалым» бағдарламасы аясында АҚШ-та өткен ғылыми тағылымдаманың нәтижесі болды. Тағылымдама барысында жас ғалым халықаралық зерттеу жобаларына қатысып, жоғары рейтингті ғылыми журналдарда мақалалар жариялап, University of Illinois Urbana-Champaign университетінің Education Policy, Organization and Leadership (EPOL) факультетінің зерттеуші-аффилианты мәртебесіне ие болды.

Coursera платформасында жарияланған жаңа курс – Жетісу университетінің халықаралық ғылыми әлеуетінің және қазақстандық ғылымның жаһандық білім кеңістігіндегі орнының тағы бір айқын дәлелі.

#SDG #ЦУР #ТДМ