«Құрылтай феномені» кітабы негізінде танымдық кездесу өтті

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Құрылтай феномені» кітабы негізінде танымдық кездесу өтті. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, кітап авторлары, университет оқытушылары мен қызметкерлері қатысты.

Кездесуді университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Ермек Бөрібаев жүргізіп, жиынның маңызына тоқталды.

«Құрылтайдың бір палаталы жоғары өкілді орган ретінде құрылуы еліміздің конституциялық дамуындағы маңызды өзгерістердің бірі. Осы кезеңде «Құрылтай феномені» кітабының жарық көруі – Құрылтай институтының тарихи тамыры мен бүгінгі мәнін терең зерделеуге мүмкіндік береді», – деді ректор.

Кездесуге арнайы келген Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдаулетов кітаптың тарихи-танымдық маңызына, қоғамдық-саяси мәніне назар аударды.

Өз кезегінде «Құрылтай феномені» кітабының авторлары Омархан Өксікбаев пен Зәріпбай Оразбай еңбектің негізгі мазмұнына тоқталып, дәстүрлі Құрылтай мен қазіргі қоғамдық институт арасындағы байланысты атап өтті. Сондай-ақ, төрт тілде жарық көрген кітаптың алдағы уақытта Түркияда арнайы тұсаукесерін өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Кездесу барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдық бірлікті нығайту, кітап оқу мәдениетін дамыту және рухани-танымы жоғары қоғам қалыптастыру мәселелері талқыланды.

#SDG #ЦУР #ТДМ