І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінен келген философия докторы (PhD) Локман Зор ЖҚ-211 және ЖҚ-212 топтарының студенттеріне дәріс беруде.
Шетелдік маман «Тележүргізушінің шеберлігі» пәні бойынша 45 сағаттық оқу курсын жүргізеді. Сабақ барысында болашақ журналистер тележүргізушіге қажетті кәсіби дағдыларды меңгеріп, сөйлеу мәдениетін жетілдіріп, халықаралық тәжірибемен танысады.
Алғашқы дәрістің өзі тәжірибелік жаттығулармен басталды. Студенттер оқытушымен танысып, өзара еркін пікір алмасты. Сондай-ақ дұрыс сөйлеу, дыбыстарды анық айту және артикуляциялық аппаратты дамытуға арналған жаттығулар орындады.
Бұл бастама студенттердің кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, халықаралық білім беру тәжірибесін игеруіне және университеттер арасындағы академиялық ынтымақтастықтың нығаюына мүмкіндік береді.

