


І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Жаратылыстану-техникалық факультетінде «Ғылым шекарасыз: шетелдік және қазақстандық зерттеушілердің тәжірибе алмасу алаңы» тақырыбында халықаралық форсайт-конференция өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – шетелдік және қазақстандық ғалымдар арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасау, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту, бірлескен зерттеу жобаларын талқылау және ғылымның перспективалық бағыттарын айқындау.
Конференцияны факультет деканы, т.ғ.д., қауымдастырылған профессор Ерлан Андасбаев жүргізіп, шараның мақсатын атап өтті.
Халықаралық конференция жұмысына шетелдік ғалымдар қатысты. Олардың қатарында Ұлттық геномика және озық биотехнологиялар институтының (NARC) оқытушысы, PhD Muhammad Kashif Naeem (Пәкістан), Марке политехникалық университетінің профессоры, PhD Ernesto Marcheggiani (Италия) және PhD Abdalhadi M.A. Abulebda бар. Чукурова университетінің профессоры, PhD Nesibe Ebru Kafkas (Түркия) конференцияға Zoom платформасы арқылы онлайн қосылды. Шетелдік ғалымдар баяндама жасап, өздерінің ғылыми-зерттеу бағыттары мен университеттерінің қызметін таныстырды. Экология және ауылшаруашылық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, б.ғ.к. Ж. Қанағатов баяндама оқып, өз тәжірибесін ортаға салды.
Кездесу барысында ғылыми зерттеулердің заманауи бағыттары, халықаралық әріптестікті дамыту мүмкіндіктері, бірлескен жобаларды іске асыру, академиялық ұтқырлықты кеңейту және жас ғалымдарды қолдау мәселелері талқыланды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттарын белгіледі.
Халықаралық форсайт-конференциясы ғалымдар арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, жаңа ғылыми бастамаларды дамытуға және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік берген маңызды алаң болды.
#SDG #ЦУР #ТДМ




