Ректор Цюрих университетінің студенттерімен кездесті

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Ермек Бөрібаев Цюрих университетінің (Швейцария) профессорлары мен студенттерімен кездесті.

Кездесу барысында екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамыту, ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүзеге асыру және академиялық ұтқырлық мәселелері талқыланды.

Ректор Ермек Бөрібаев шетелдік оқытушылар мен студенттерге жылы лебізін білдіріп, Жетісу университеті халықаралық әріптестікке әрдайым ашық екенін және қонақтардың Қазақстандағы оқуына, ғылыми-зерттеу қызметіне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар студенттерге сәтті оқу, нәтижелі ғылыми ізденіс және қазақ халқының мәдениетімен жақынырақ танысуына тілектестік білдірді.

Өз кезегінде профессор Петер Финке университет басшылығына алғыс айтып, студенттер үшін мазмұнды оқу бағдарламасы ұйымдастырылғанын жеткізді. Кездесудің ерекше сәттерінің бірі ретінде Цюрих университетінің екі студенті қазақ тілінде алғыс айтып, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді.

Іс-шара соңында қатысушылар екі университет арасындағы достық байланыс пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екендіктерін білдірді.

#ЦУР #SDG #ТДМ