Жетісу университетінде жастармен құқықтық кездесу өтті

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық қорғау органдарының өкілдері студенттермен профилактикалық кездесу өткізді.

Іс-шараны «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы, Жетісу облысының прокуратурасы және облыстық полиция департаменті бірлесіп ұйымдастырды.

Кездесуге Жетісу облысы прокуратурасының аға көмекшісі, аға әділет кеңесшісі Жандос Искаков, Талдықорған қаласы прокурорының орынбасарлары, әділет кеңесшілері Дәурен Халықов пен Айдар Шабдаров қатысты. Құқық қорғау органдарының өкілдері студенттерге заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Спикерлер жастар арасында жиі кездесетін дропперлік қызметке тартылу, есірткі заттарын тарату және қылмыстық ортаға араласуға байланысты жауапкершілік мәселелерін түсіндірді.

Кездесудің маңызды бөлігінің бірі – түрлі қылмыс жасап жазаға тартылған азаматтардың студенттермен ашық пікір алмасуы болды. Олар өз бастарынан өткен оқиғаларды айтып, қылмыстық әрекеттердің адам өміріне тигізген кері әсері туралы баяндады.

Кездесу барысында құқықтық сауаттылықты арттыру, заң талаптарын сақтау, жастарды қаржылық алаяқтықтан қорғау және заңсыз әрекеттерге тартылудың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.

#SDG #ЦУР #ТДМ