І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі Гүлнар Тойлыбаева Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты атанды. Бұл – университет түлектерінің елдік деңгейдегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласып, жауапты қызметтерде табысты еңбек етіп жүргенінің айқын көрінісі.
Гүлнар Қожағұлқызы 1989 жылы І. Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтын «Физика және математика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ол кейін мемлекеттік басқару мен партиялық қызмет саласында мол тәжірибе жинақтады. Әр жылдары партияның облыстық филиалында басшылық қызметтер атқарып, Жетісу облыстық мәслихатының хатшысы әрі төрағасы болды.
Гүлнар Тойлыбаеваның мол тәжірибесі, өңірдің тыныс-тіршілігін терең білуі және көп жылғы қоғамдық-саяси қызметі Құрылтайдағы қызметін абыроймен атқаруға мүмкіндік береді. Ел ішіндегі өзекті мәселелерді, халықтың талап-тілегін жоғары мінберден көтеріп, халық пен билік арасында алтын көпір болады деп сенеміз.
Гүлнар Қожағұлқызын жаңа қызметімен құттықтап, ел игілігі жолындағы жұмысына табыс тілейміз!
Жетісу университеті өз түлектерінің кәсіби жетістіктерін мақтан тұтады.
#ЦУР #SDG #ТДМ

