8 НАУРЫЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР МЕРЕКЕСІМЕН ОНЛАЙН ҚҰТТЫҚТАУ

2021 жылдың 5 наурыз күні Жетісу университетінің Гуманитарлық факультетінде  нәзіктілік пен сұлулықты паш ететін – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Гуманитарлық факультет деканы Толамисов Амангелді Ғабдылкәрімұлының ұйымдастыруымен нәзік жанды аруларға арналған онлайн іс-шара өтті.

Іс-шараны Амангелді Ғабдылкәрімұлы  құттықтау сөзбен ашып, факультеттің оқытушы және қызметкер қыз-келіншектерін мерекелерімен құттықтады. Факультет ер азаматтары аруларға арнап дайындаған құттықтау видеоролигін көрсетіп, мерекелік атмосфераны қалыптастырып қана қоймай жылы көңіл күй сыйлап, жүздеріне күлкі ұялатты.

Отбасының ұйытқысына, татулық пен келісімнің тірегіне айналған, сұлулықтың символы саналатын құрметті ақ жаулықты аналардың, ардақты әйелдердің  құрметіне әндер шырқалып, ақ тілектер айтылды.   Ұлылық пен ізгіліктің ғаламатын құшағына сыйғызған нәзік жандарға арнап  Ансабаев Дүйсен Сандыбайұлы өзінің арнау өлеңің оқыса, Имангазинов Муратбек Мубыракханұлы аруларға деген құрметпен ән тарту етті. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.

Күнделікті қарбалас жұмыс барысында емес, бейресми форматта мерекелік көңіл-күймен өткен онлайн іс-шара ешкімді де бейжай қалдырмады. Нәзік жанды көрермен аяулы да асыл жандылардың мейрамын ұлықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлаған Гуманитарлық факультеттің ер-азаматтарына «біздің факультет жігіттері – жігіттердің төресі» деген жоғары бағасын берді.

Көгілдір көйлегі көлбеңдеп, ерке көктеммен ере келген әдемі мереке – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған