Ашық есік күні

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұйымдастыруымен 2023 жылғы 12  сәуірде «ашық есік күні» өткізілді. Аталған шараға «125 High school» мектебінің 70 шақты оқушысы қатысты. Жиын болашақ білімгерлерді жоғарғы оқу орнымен таныстыру және кәсіптік бағдар беру мақсатында жүргізілді.

Іс-шара барысында оқушыларға Жетісу университеті жайлы таныстырылым көрсетіліп, оқу орнының басымдықтары жайлы айтылды. Талапкерлер бас оқу ғимаратында орналасқан жастар орталығы, спортклуб, зертханалар, оқу телестудиясы, JU радиосы, «Start Up» академиясы, Ғ.Орманов атындағы кітапхана, мұражай және жоғары мектептердің жұмысымен танысты.

Мектеп оқушылары кездесуде мамандық таңдау, оқуға түсу және Жетісу университетінде білім алудың басымдықтары бойынша бірқатар сұрақтар қойды. Сауалдарға мансап және жұмысқа орналастыру орталығының қызметкерлері жауап берді. Сондай-ақ кездесуде университеттің академиялық ұтқырлық, қос дипломды білім беру бағдарламалары жайлы халықаралық ынтымақтастық орталығының мамандары ақпарат ұсынды. Шара соңында болашақ талапкерлерге оқу орны жайында барлық ақпарат жинақталған кітапшалар берілді.