Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде 2023 жылғы 28 қарашада «Жас маман – 2024» атты бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шара оқуды аяқтаушы білімгерлерді жұмыспен қамту және олардың еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие болу мақсатында өткізілді. Жиынға университет басшылығы, мансап және жұмысқа орналастыру орталығы, жоғары мектеп декандары жетекшілік етті. Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры — Қыдырбаева Ғалия қатысып, жәрмеңкенің ашылу салтанатында сөз сөйледі. Жалпы жәрмеңкеге 50-ден аса мемлекеттік, жекеменшік мекемелер, құқық қорғау органдары, департаменттер, екінші деңгейлі банктер, кәсіпорындар, жергілікті БАҚ өкілдері, мектепке дейінгі білім беру, жалпы білім беру мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан жұмыс берушілер қатысты. Кездесуде жұмыс берушілер мекемелердің жұмыс бағыттарымен таныстырып, жұмысқа орналасу тәртібін түсіндірді.
Университет пен ұйымдар арасындағы алдағы әріптестікті нығайту мәселесі де жан-жақты талқыланды. Университеттің 6 жоғары мектебінен 876 білімгер қамтылды. Кездесуде болашақ жас мамандар әртүрлі сала өкілдерінен маңызды ақпарат алып, сұхбаттасты. Сонымен қатар, жұмыс берушілерге өз түйіндемелерін ұсынып, жұмысқа орналасудың ерекшеліктері мен негізгі қағидалары жайлы дерек алды. Болашақ жас мамандар жайлы деректерді, олардың түйіндемелерін университет ресурстары арқылы алуға болатыны да айтылды.
Жәрмеңкенің ашылу салтанаты барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы — Тараков Самгат Багланович, Жетісу облысы, Талдықорған қаласының Мансап орталығы филиалы директордың орынбасары — Тарихов Данияр Нургазиевич, «Жетісу» радиосының бас редакторы — Мухит Токтасын, «Rich TELS психологиялық қолдау көрсету орталығы» директоры — Ким Татьяна Васильевна, «БАЛАЖАН логопедиялық аралас типті бөбекжай-бақшасы» ЖШС директоры — Даркенбаева Лаура Танатаровна, университет түлегі, Шымыр ауылындағы Мәншүк Маметова атындағы орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі — Саиндильдина Ләззат Дәулетқызы сөз сөйлеп, жұмысқа орналасу барысымен таныстырды.
Ұйымдастырылған шара негізінде ұйымдардан әр саладағы мамандар қажеттілігі бойынша ақпарат алынды. Бұл жоғарғы оқу орнында мамандарды даярлау мен жұмысқа орналастыру жұмыстарын жүйелі жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі қорытындысы бойынша анықталған еңбек нарығының сұранысы болашақ жас мамандардың жұмысқа орналасу көрсеткішінің артуына ықпал етеді деп күтілуде.