Салтанатты отырыс

Ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты отырыс

Жыл сайын 12 сәуірде Қазақстанда Ғылым қызметкерлері күні атап өтіледі. Еліміз биыл ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын және көрнекті ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Ғылыми қызметкер күнін мерекелеу аясында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде салтанатты отырыс өтті.

Заң ғылымдарының докторы, профессор, Басқарма Төрағасы – Ректор Бурибаев Ермек Абильтаевич құттықтау сөзінде ғалымдардың еңбек нәтижелері университеттің барлық жетістіктерінің негізі болып табылатынын атап өтті.

Отырыста профессорлық-педагогикалық құрам мен жас ғалымдар ғылым және жоғары білім Министрінің «Ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесі үшін» алғыс хаттарымен, құрмет грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ, техникалық ғылымдар жоғары мектебінің деканы, техника ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор (доцент) Андасбаев Ерлан Сулейменович «Ғылымды дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды.

Іс-шараға университеттің дамуына едәуір үлес қосқан ғылым ардагерлері Ибрагимова Карлыгаш Карбозовна; физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент) Нысамбаев Женипалды; экономика ғылымдарының докторы, профессор Блеутаева Кульжамал Бегимбаевна; техника ғылымдарының кандидаты, доцент Альмухамбетов Сейсекбай Сейткалиевич; өнертану профессоры, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Өнер академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, ҚР өнер қайраткері Баримбеков Жакан Шельбаевич қатысты және Басқарма Төрағасы – Ректорының Алғыс хаттарымен марапатталды .

Ғылыми-зерттеу қызметіне белсенді қатысқаны және жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Басқарма Төрағасы – Ректорының Алғыс хаттарымен Scopus және Web of Science халықаралық реферативтік базаларында индекстелетін жоғары рейтингтік журналдарда мақалалар жариялаған ПОҚ пен докторанттар марапатталды. Сондай-ақ, 2023 жылдың қорытындысы бойынша республикалық және халықаралық ғылыми-зерттеу жұмыстары мен олимпиадалардың жүлдегер-білім алушыларына және олардың ғылыми жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталды.

Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтаймыз! Сіздерге жаңа жетістіктер, шабыт және зерттеулеріңізге сәттілік тілейміз!