Ашық есік күні

2024 жылғы 16 сәуір күні Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Гуманитарлық ғылымдар, Құқық және экономика, Педагогика және психология жоғары мектебінде Жетісу облысы бойынша жалпы білім беру ұйымдарын аяқтаушы түлектерге «Ашық есік күні» өткізілді. Жиын университеттің №1 бас оқу ғимаратында өтті. Іс-шара бойынша ақпараттар барлық жерде ұсынылып, 400-ге жуық болашақ жас білімгерлер келді. Талдықорған және қалаға жақын аудан мектептері мен «Innoverse Academy» жеке меншік мектебінің оқушылары қатысты.

Іс-шара барысында үш жоғары мектептің білім беру бағдарламалары бойынша жетістіктерін көрсету мақсатында көрме ұйымдастырылып, имидждік өнімдер таратылды. Келген қатысушылар жоғары мектептер, құрылымдық бөлімдер, орталықтар, ғылыми зертханалар, мұражай, кітапхана мен start-up-қа экскурсия жасап, олардың материалдық-техникалық базасымен және артықшылықтарымен танысып қана қоймай білім беру бағдарламалары, жастарға арналған мүмкіндіктер жайында ақпараттар ала алды.

Жиынға қатысушылар университет оқытушылары және қызметкерлерімен тілдесіп, оқуға қабылдауға, академиялық ұтқырлық бағдарламасымен білім алуға т.б. мәселелерге байланысты жауаптар алды.

Сондай-ақ, белсенді білімгерлермен студенттік өмір жайлы еркін сұхбат құрды. Жалпы, Ашық есік күніне қатысу арқылы оқушылар университетпен жақын танысып, жаңа көзқарас қалыптастырды. Бұл жиын оқушыларға мамандық таңдауға көп көмегін тигізеді деген ойдамыз. Іс-шара әлі де жалғасын табатын болады.