ТЕАТР – АДАМ ЖАНЫНЫҢ АЙНАСЫ

Кітапқа, театрға өнерге құштарлықты  Жетісу облысының орталығында орналасқан Б. Римова атындағы өнер театрына жиналған   қала тұрғындарынан көруге болады. Жыл сайын бұл киелі сахнада жаңа премьералар халыққа жол тартып, ұлт болашағына жұмыс істеуде. Салт-дәстүр, ата-ананы сыйлау, салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу негізінде әр түрлі жанрдағы қоғамдық мәселені дәргейіне алатын картиналар кімді болса да бей-жай қалдырмайтыны анық. Жас буынның қарасы көп бүгінгі сахна шымылдығы драматург Жәнібек Әлікеннің «Қазақтың тойы бітпесін» спектаклімен ашылды. 

 

          Қазақстанның халық әртісі Шәкен Айманов: «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын», – демекші сахнаның құдіретін сезінуге Ілияс Жансүгіров атындағы университеттің гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі журналистика және ақпарат білім беру бағдарламаларының білімгерлері барды. Аталған қойылым бірнеше мәселені көтеріп, талқыға салды.  Жастарға ерекше әсер еткені – Кенесары хан мен кеңес өкіметі тұсындағы оқиғаларды баяндай отырып, қазіргі өзекті мәселені ұштастыра білгені. Қазақ қызының  басқа ұлт өкіліне тұрмысқа шығуы, әке мен қыз арасындағы бола бермейтін диалог, ер намысы, ақшамен арбау көрермен көзіне еріксіз жас ұялатты. Сонымен қатар қазір еліміз дөп келіп отырған сын-қатер: жер сілкінісі, зорлық-зомбылық, жемқорлық, алтын үстінде тыр жалаңаш отырған ұлттық қасірет еш бүкпесіз сахналанып, біздің ештеңеге дайын еместігіміз сатиралық жанрда айқын көрсетілді. Театрға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін келген көзқарақты қауым әртістермен бірге күліп, қоғамның ащы тұсына бірге күйінді.   

–  Қойылымнан керемет әсер алдық, адам баласының туылғанына бастап барлық кезеңдерін жақсы шеберлікпен көрсете білді. Жер, жесір дауы, тәрбие, адамгершілік, тіл, дін, маскүнемдік мәселесі драматургтың назарына жақсы іліккен.  Сахнаға жақсы бейнелеп, халықтың жүрегіне жеткізе білді.  Жастардың тәртіпті, ибалы, білімге және өнерге жақын болғаны абзал. Қызғалдақтай қыздарды, дінді құрметтеп, сыйлауы тиіс. Сонда ғана ұлы даламыз өрелі, еңселі болатыны анық. Жас буынды театрга шақырамын. Келіңіздер, көріңіздер, жан дүниені байытыңыздар! – дейді спектаклге келген Аймен Мұсақызы.

Журналистика және ақпарат ББ