





І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде 1-курс студенттеріне арналған «Болашаққа бірге қадам» атты қабылдау жиыны өтті. Жаңа оқу жылының басталуына арналған шара студенттік өмірге алғаш қадам басқан жастарға ерекше көңіл күй сыйлады.
Биылғы оқу жылында Жетісу университетіне бакалавриат, магистратура, доктарантура бағдарламалары бойынша 2019 білім алушы қабылданды. Шара барысында білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған жас білімгерлерге ардагер ұстаздар бата беріп, студенттік өмірдің жаңа мүмкіндіктері мен жауапкершілігін айтты. Жиында сөз алған І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры, профессор Ермек Бөрібаев жастарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім мен ғылым жолындағы алғашқы қадамдарына сәттілік тіледі.
«Бүгін сіздер үшін ерекше күн. Университет табалдырығын алғаш аттап, үлкен білім ордасының студенті атандыңыздар. Алдарыңызда білім алуға, өз қабілеттеріңізді дамытуға, жаңа достар тауып, болашақ маман ретінде қалыптасуға мол мүмкіндік тұр. Біз сіздерден ізденіс, жауапкершілік және белсенділік күтеміз. Университеттің жетістігін еселейтін, ел болашағына қызмет ететін білікті маман болыңыздар. Студенттік жылдарыңыз жарқын жетістіктерге толы болсын!» – деді ректор.
Шара барысында 1-курс білімгерлеріне университеттің ішкі тәртібі, білім беру мүмкіндіктері, студенттік ұйымдар мен жастар бастамалары жөнінде ақпарат берілді.
«Болашаққа бірге қадам» атты қабылдау жиыны шағын концерттік бағдарламаға ұласты.
#SDG #ЦУР #ТДМ

