ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР БАСТАУЫ

2026 жылғы 1 қыркүйекте І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Дене шынықтыру және өнер факультетінің деканы Утегенов Ерлан Казбекович жаңа оқу жылының басталуына орай 1-курс студенттерімен танысу және кездесу жиынын өткізді.

Кездесу барысында факультет деканы бірінші курс студенттерін жаңа оқу жылының басталуымен және студент атануларымен құттықтап, алдағы оқу жолдарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ университет қабырғасында сапалы білім алумен қатар, қоғамдық, мәдени және спорттық іс-шараларға белсенді қатысып, өз қабілеттерін жан-жақты дамытуға шақырды.

Сонымен қатар студенттерге факультеттің кафедра меңгерушілері, декан орынбасарлары және топ кураторлары таныстырылды. Кездесу барысында оқу-тәрбие жұмысының негізгі бағыттары, университеттің ішкі тәртіп ережелері, академиялық адалдық қағидаттары, студенттердің құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Жиын барысында студенттерге оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру, сабаққа жауапкершілікпен қарау, университеттің ішкі тәртіп талаптарын сақтау және академиялық адалдық қағидаттарын басшылыққа алу қажеттігі түсіндірілді.

Кездесу соңында бірінші курс студенттеріне жаңа ортаға тез бейімделіп, білім мен ғылымда, спорт пен шығармашылықта жоғары жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірілді.