
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы, AP25794537 «Жасанды интеллект тілдік емес мамандық студенттерінің академиялық ағылшын тілін меңгерудегі көмекшісі ретінде: рандомизацияланған зерттеу» жобасының жетекшісі Райгүл Желдібаева 2026 жылғы 2–3 қазанда Астана қаласында ұйымдастырылған AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумына қатысты.
AI & Digital Bridge – Еуразиядағы жетекші технологиялық форумдардың және IT саласындағы ең ірі іс-шаралардың бірі. Форумның ресми бағдарламасы 2026 жылғы 1–3 қазан аралығында Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтті.
Ғылыми жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» бағдарламасы шеңберінде 2025–2027 жылдарға арналған жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асырылуда.
Форум аясында Райгүл Желдібаева екі маңызды сессияның жұмысына тыңдаушы ретінде қатысты. «Қоғамға арналған жасанды интеллект: қолжетімділік, даму және жаһандық сын-қатерлер» бағыты бойынша ұйымдастырылған «Тұрақты даму үшін жауапты жасанды интеллект: этика, сенім және адамға бағдарланған басқару» (Responsible AI for Sustainable Development: Ethics, Trust, and Human-Centric Governance) сессиясында жасанды интеллектіні әдепті әрі жауапкершілікпен пайдалану, қоғамдық сенімді қалыптастыру және адамға бағдарланған басқару қағидаттарын дамыту мәселелері талқыланды.
«Жаңа экономика: жасанды интеллект негізінде» (The New Economy: Powered by AI) сессиясында технология және бизнес көшбасшылары жасанды интеллектінің жаһандық экономиканы өзгерту үдерісі мен экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін қарастырды. Спикерлер жасанды интеллектіге негізделген экономиканы қалыптастыруға қажетті инфрақұрылым, инвестиция, адами капитал және халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.
Форум барысында Райгүл Желдібаева ғылыми жоба нәтижелерін коммерцияландыру бағытындағы нетворкинг іс-шараларына қатысып, стартап өкілдерімен кәсіби байланыстар орнатты және жобаны одан әрі дамытуға қатысты өзекті мәселелер бойынша тәжірибе алмасты. Сондай-ақ Kazakh AI Research University қызметімен танысып, ықтимал ынтымақтастық бағыттарын қарастырды.
AI & Digital Bridge 2026 форумына қатысу ғылыми жоба нәтижелерін тәжірибеге енгізуге, оларды коммерцияландыру мүмкіндіктерін кеңейтуге және білім берудегі жасанды интеллект саласы бойынша жаңа әріптестік байланыстар орнатуға жол ашады.
#SDG #ЦУР #ТДМ



