Рухани кеш

2024 жылғы 3 сәуір күні І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «Мұхамеджан Тынышбаев: Алаш және ұлт» атты рухани кеш өтті. Жиын алаш арысының 145 жылдық мерейтойына орай өткізілді. Басты мақсат – жас буынды ұлт қайраткерлерінің ұлы істерімен таныстыра отырып, азаматтық-патриоттық тәрбие беру.

Шараға М.Тынышбаев атындағы қордың президенті, Мұхамеджан Тынышбаевтың жиен немересі Нұршакен Жүнісқызы, тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, алаштанушы-ғалым Жүгенбаева Гүлбану Саламадинқызы, техника ғылымдарының кандидаты, Логистика және көлік академиясының қауымдастырылған профессоры Әшірбаев Ғалымжан Қожахатұлы арнайы қатысты. Мазмұнды басқосуға Басқарма мүшесі – жастар саясаты жөніндегі проректор Б.А Сериев жетекшілік етті.

Жиын барысында тарихи тұлғаның өміріне қатысты бейнематериал көрсетіліп, сөз тізгінін алған қонақтар тарихи-ұлттық мәселелер төңірегінде мазмұны терең пікірлер айтты. Білімгерлер мен қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, М.Тынышбаевтың тарихи рөлі турасында пікір алмасты. Шараның басты бөлігінде «Мұхамеджан Тынышбаев: Ғасыр жобасы» атты фильм ұсынылып, соның негізінде ашық талқылау өтті. Кездесу соңы дәстүрлі әнмен жалғасып, меймандарға естелік сыйлықтар табысталды.