Кәсіптік бағдар беру жұмыстары

2022-2023 оқу жылында Жетісу облысының орта білім беру мекемелерін бітіретін түлектерге жоғарғы оқу орнына түсу және мамандық таңдау бойынша ақпарат ұсыну мақсатында Жетісу университеті кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізді.

Кәсіптік бағдар беру жұмыстарына университеттің жоғары мектептері мен мансап және жұмысқа орналастыру орталығы жетекшілік етті. 1-10 ақпан аралығында  Талдықорған қаласы және Алакөл, Сарқан, Панфилов, Ақсу, Кербұлақ, Ескелді, Көксу, Қаратал аудандарындағы 91 жалпы білім беру нысаны және 3022 түлек қамтылды.

Жүргізілген кездесу барысында талапкерлерге Жетісу университеті жайлы таныстырылым көрсетіліп, ақпараттық кітапшалар таратылды. Жоғарғы оқу орнының басымдығы, тарихы, құрылымы, жоғары мектептері мен білім беру бағдарламалары туралы нақты ақпарат жеткізілді. Сонымен қатар университет негізінде жүргізіліп жатқан жобалар, ғылыми бастамалар, қабілетті жастарға ұсынылатын мүмкіндіктер жайлы айтылды.

Өткен кездесулерде оқушыларға бейінді пәндерді таңдау, ҰБТ тапсыру ережелері және оқуға қабылдау қағидалары түсіндірілді. Өңір нарығында сұранысқа ие кәсіп түрлері, сондай-ақ Жетісу университетінің мамандар даярлаудағы маңызы айтылды. Шара кезінде болашақ білімгерлер түрлі сауалдар қойып, мамандар тарапынан жауап алды.

Жалпы кәсіптік бағдар беру жұмыстары ағымдағы оқу жылында үздіксіз жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 5000-ға жуық түлек қамтылып, нақты ақпарат берілді. Алдағы уақытта өңір түлектеріне арнап тағы бірнеше кездесу мен іс-шара өткізу жоспарланып отыр.